АҚШ президенті Дональд Трамп Нури Әл-Малики Ирактың премьер-министрі болып қайта сайланса, Американың бұл елге көмек көрсетпейтінін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Дональд Трамп 27 қаңтар күні Нури Әл-Малики билікке қайта оралған жағдайда Ирактың қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін ескертті.
Трамп Truth Social әлеуметтік желідегі парақшасында: “Ұлы Ирак елі Нури Әл-Маликиді премьер-министр қызметіне сайлау арқылы өте қате таңдау жасайды”, — деп жазды. Дональд Трамптың айтуы бойынша, Әл-Малики билікте болғанда Ирак кедейшілік пен толық хаосқа батқан. Трамп: “Мұның қайталануына жол беруге болмайды. Егер ол сайланатын болса, оның ақылға сыйымсыз саясаты мен идеологиясына байланысты, Америка Құрама Штаттары Иракқа бұдан былай көмектеспейді. Ал біздің көмегімізсіз Ирактың табысқа жетуге, гүлденуге немесе еркіндікке ешқандай мүмкіндігі жоқ”, — деді.
Айта кетейік, Иракта президент сайлауынан кейін жаңа ел басшысы ең ірі блоктан премьер-министрлігі кандидатурасын тағайындап, 15 күн ішінде үкімет құруды тапсырады. Әл-Маликидің кандидатурасы үкіметтің тезірек құрылуын қалайтын кейбір шиіт және күрд қайраткерлері тарапынан қолдау тапқанымен, сүнниттік топтар арасында конфессияаралық шиеленіс пен саясаттың ықтимал өзгеруіне қатысты алаңдаушылық туғызды.
Вашингтонда бұл қадам Иранның ықпалына қатысты қауіпті күшейтті. АҚШ билігі Әл-Маликидің Тегеранмен тарихи байланысын екіжақты қарым-қатынас пен аймақтық қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатер ретінде қарастырып отыр.


















