Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи мен Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкарада кездесіп, келіссөз жүргізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи ертең, жұма, 30 қаңтар күні Түркияға ресми сапармен барады.
Түркия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Хакан Фидан алдағы келіссөз барысында ирандық әріптесімен кездесіп, Түркия мен Иран арасындағы тамыры терең тарихи қарым-қатынастың аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етудегі шешуші рөліне тоқталады.
Сонымен қатар, Түркия Сыртқы істер министрі 2014 жылы құрылған Түркия-Иран жоғары деңгейдегі ынтымақтастық кеңесі сияқты тетіктер арқылы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудағы Анкараның ұстанымын білдіреді.
Хакан Фидан Анкара мен Тегеранның екіжақты тауар айналымын 30 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсаты аясында өзара күш-жігерді жандандырудың маңыздылығына назар аударады.
Осы тұрғыда Түркия Сыртқы істер министрі Анкараның сауда, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты, соның ішінде шекара маңындағы сауда орталықтарын құруды күшейтуге ниетті екенін білдіреді.
Хакан Фидан Анкараның Ирандағы оқиғаларды мұқият қадағалап отырғанын және бұл елдегі қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың Түркия үшін аса маңызды екенін атап өтеді.
Сондай-ақ, ол Түркияның Иранға қарсы әскери басқыншылыққа үзілді-кесілді қарсы екенін, мұндай қадамның аймақтық және халықаралық деңгейде елеулі қауіп тудыруы мүмкін екеніне назар аударады.
Хакан Фидан Түркияның диалог арқылы қалыптасқан жағдайды бәсеңдетуге өз үлесін қосуға дайын екенін мәлімдейді.
Фидан Түркияның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіспеушіліктерді мүмкіндігінше тезірек бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын және осы бағытта қажетті қолдау көрсетуге әзір екенін айтады.

















