Мәскеудегі Крокус Сити Холлда ұйымдастырылған лаңкестік оқиға туралы бүгінде әлем бойынша жазбаған ақпарат құралы кемде-кем.
22 наурыз күні Мәскеу тыныштығын Крокус Сити Холлда болған атыс бұзды. Евразия Тудейдің Известия басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, Ресей Украинамен соғысып жатқандықтан бірқатар ресейлік саясаткер лаңкестік әрекеттің артында Киев күштері тұрған болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемеге байланысты Киев оқиғаға еш қатысы жоғын айтты. АҚШ та Мәскеудегі атысқа Украинаныңның қатысы жоғын мәлімдеді.
Алайда, осыдан екі апта бұрын АҚШ Елшілігі Ресейде жүрген азаматтарына алдағы күндері Мәскеуде ірі лаңкестік акт болуы ықтимал екенін ескертіп, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауға кеңес берген.
Осы ретте Ресей президенті Владимир Путин АҚШ және басқа батыс елдерінің лаңкестік оқиға орын алуы жөніндегі мәлімдемесін «қорқыту, арандату үшін жасалып отырған әрекет» деп атады.
Крокус Сити Холлға жасалған шабуылдан кейін CBS және New York Times басылымдары Мәскеудегі шабуылға ДАИШ лаңкестік тобының қатысы бары жөнінде хабарлады.
The Guardian сарапшылары Мәскеудегі лаңкестіктің артында шынымен ДАИШ тұрса, онда бұл бүкіл Орталық Азия үшін қауіпті екенін айтады. The Guardian сарапшысы Эндрю Рот Иранда бірнеше лаңкестік акт ұйымдастырған ДАИШ содырларының Крокус Сити Холлға шабуылы лаңкестердің енді Ресейге шоғырланып жатқанын білдіретінін айтады. Сарапшының айтуынша, ДАИШ ұйымы 2017 жылы Санкт-Петербург метросындағы жарылыс сияқты Ресейде болған басқа да бірнеше лаңкестік әрекетке жауапты болған.
Сондай-ақ, The Guardian басылымы АҚШ барлау органдары наурыз айының басында Мәскеуді Ауғанстанда ДАИШ белсенділігінің артқанын және содырлардың жаңа шабуылдарды дайындап жатқаны жөнінде ескерту жасалғанына тоқталып, Ресейдің одақтасы саналатын Орталық Азия елдеріне де қамдану қажеттігін айтады.
АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы генерал Майкл Курилланың айтуы бойынша ДАИШ пен оның одақтастары Ауғанстан мен оның сыртында желілерін дамытуда. Майкл Курилла лаңкестік топтың шетелдегі күші мен қауқарын олардың Иранға жасаған шабуылынан көруге болатынын айтады.
Мұсылман ғалымдарының дүниежүзілік одақ Бас хатшысы Әли Мухиддин әл-Карадагидің пайымдауынша, Мәскеудегі лаңкестік халықаралық қоғамдастық назарын Газа секторындағы мәселеден алшақтату мақсатында жасалған.
Жалпы, Мәскеуде лаңкестік жасалатыны алдын ала белгілі болған. АҚШ-тың Ресейдегі Елшілігінің ағылшын тіліндегі хабарламасында лаңкестердің жақын арада Мәскеудегі үлкен іс-шараларда шабуыл жасауды жоспарлап отырғаны ескертілген. Алайда сайттың орыс тіліндегі нұсқасында мұндай ескерту болмаған. Артынша, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Германия, Канада, Швеция елдері де өз азаматтарына лаңкестік әрекет туралы ескерту жасаған.
Қазіргі таңда Ақ үй Мәскеу түбіндегі Крокус Сити Холлда болған лаңкестік пен Вашингтонның наурыз айының басында жариялаған ескертуімен қаншалықты байланысты екенін саралауда.
Қалай болғанда да Мәскеуде адам шошырлық лаңкестік оқиға орын алды. Салдарынан жазықсыз 137 адам қаза тауып, 152 адам жарақат алды.
Ресей президенті Владимир Путин оқиғаға байланысты 24 наурызды Ресейде жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Жер-жерде Мәскеу түбіндегі қайғылы оқиғаға байланысты реакция білдіріп, көңіл айтып жатқандарда есеп жоқ.



















