Ресей президенті Владимир Путин мен Иран президенті Ибраһим Раиси телефон арқылы сұхбатта Батыс Азиядағы қазіргі ахуалдың басты себебін Палестина мен Израиль қақтығысының шешілмеуі деп атады.
Еуразия Тудейдің Кремль баспасөз қызметінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран тарапының бастамасымен Владимир Путин мен Ибраһим Раиси телефон арқылы сұхбатта Израильдің Дамасктегі Иранның консулдық ғимаратына шабуылы мен Иранның бұл лаңкестік актке қарымта әрекетін талқылады.
Ресей президенті сарайының мәлімдемесіне сәйкес, телефон арқылы әңгіме барысында Владимир Путин барлық тараптар ақылға қонымды ұстамдылық танытып, бүкіл аймақ үшін апатты салдарға әкеп соқтыратын қарсыласудың жаңа кезеңінен аулақ болады деген үміт білдірді.
Өз кезегінде Ибраһим Раиси Иранның әрекетінің мәжбүрлі және шектеулі екенін атап өтті.
Сұхбат барысында тараптар Батыс Азиядағы қазіргі оқиғалардың басты себебінің Палестина мен Израиль қақтығысының шешілмеуінде екенін атап өтті. Осыған байланысты екі ел басшылары Газа секторындағы атысты дереу тоқтату, ауыр гуманитарлық жағдайды жеңілдету қажеттігін қуаттады.
Сонымен қатар тараптар Ресей мен Иран қатынасының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу кезінде өзара тиімді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, әртүрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін жеткізді.


















