Пәкістан премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Исхақ Дар Иран президенті Ибраһим Раисидің таяуда жасаған сапарын «өте жемісті» болды деп сипаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, сейсенбі күні Исхақ Дар Ибраһим Раисидің Пәкістанға таяуда жасаған сапарының сәтті болғанын тілге тиек етіп, АҚШ-тың Исламабад пен Тегеран арасындағы сауда қарым-қатынастары туралы ескертуі еленбейтінін айтты.
Исхақ Дар сөзінде АҚШ тарапынан жасалған мұндай ескертулерге қатысты «Пәкістан бұйрық беру және тыйым салуларға жол бермейді және Исламабад тек өз мүдделеріне негізделген шешімдер қабылдайды», деді.
Пәкістанның Dawn газеті Исламабадта өткен баспасөз мәслихатында Исхақ Дар «Біз өз мүдделерімізге мұқият болып, өз міндеттемелерімізді ескеруіміз керек.
Үкімет АҚШ және басқа да елдердің айтқанына қарамастан, біз қалаған нәрсені қашан және қалай жасағымыз келетінін шешуі керек» деген мәлімдемесін жариялады.
Пәкістан Сыртқы істер министрі: «Бізге бұйрық беру мен тыйым салуына жол бермейміз. Пәкістан-тәуелсіз ел. Біз басқа елдердің тәуелсіздігін қалай құрметтесек, басқалардың да Пәкістанның тәуелсіздігін құрметтеуін күтеміз», деді.
Иран президенті Ибраһим Раисидің Пәкістанға жуырда жасаған сапары негізінде бірқатар салаларда екіжақты ынтымақтастық туралы келісімдер мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылғаннан кейін Вашингтон Иранмен келіссөздер жүргізген елдерге қарсы санкциялар қаупі туралы ескерту жасады.
Исхақ Дар бұл жөнінде Пәкістанның нәтижеге қарай шешім қабылдайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, Пәкістан Сыртқы істер министрі жақын арада Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманның Пәкістанға сапармен келетінін және осы айда сапар күні хабарланатынын жеткізді.
Исхақ Дар сөзінің жалғасында Ислам ынтымақтастығы ұйымының жақында өткен отырысында атысты дереу тоқтатуды және Газада гуманитарлық дәліздің ашылуын, сондай-ақ Палестина мәселесін шешу үшін 1967 жылғы шекара негізінде «екі мемлекеттің қатар өмір сүру мүмкіндігі» туралы шешімді жүзеге асыруға шақырғанын атап өтті.




















