Газа секторында 135 мың шатырдың 127 мыңы тұруға жарамсыз болып қалды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Газа үкіметі баспасөз қызметінің басшысы Исмаил ас-Севабите Газа секторындағы қоныс аударған тұрғындар үшін тігілген 135 мың шатырдың 127 мыңы қыс жағдайында тұруға жарамсыз болып қалғанын мәлім етті.
Исмаил ас-Севабитенің айтуы бойынша, аймақтағы отбасылар тозығы жеткен шатырлар мен оқшауланған жерлерде тұрады. Сонымен қатар, көрпе-төсек пен баспана тапшылығы өте қиын жағдайға жеткен. Исмаил ас-Севабите қоныс аударған палестиналықтардың жердің сызынан қорғайтын қарапайым төсек-орынға мұқтаж екенін баса айтты. Оның айтуынша, көрпе мен жылу құралдарының тапшылығы 70 пайыздан асады.
Исмаил ас-Севабите бұл жағдайдың Израильдің жаппай қирату саясатының тікелей салдары екенін атап айтты.
Исмаил ас-Севабите Израильдің Газадағы қалалық инфрақұрылымның шамамен 90 пайызын қиратқанын, 2 миллионнан астам адамды қоныс аударуға мәжбүрлегенін, 288 мыңнан астам отбасын баспанасыз қалдырғанын мәлімдеді.
Газа үкіметі баспасөз қызметінің басшысы 2023 жылдың 8 қазанында басталған Израиль шабуылдары кезінде баспаналар мен көмек тарату орталықтарына бірнеше рет соққы жасалғанын еске салды. Оның сөзінше, Израиль 303 уақытша баспана орталығы мен 61 азық-түлік тарату орталығын бомбалаған.
Исмаил ас-Севабите: “Көрпелер мен жылыту жүйелеріне қатысты дағдарыс салдарынан респираторлық және жұқпалы аурулардың ондаған мың жағдайы тіркелді. Бұл жағдай 38 аурухананың қирап, 96 медициналық мекеменің жабылуымен бір мезгілде орын алып отыр. Бұл науқастарға көмек көрсетуді қиындатып, өлім қаупін арттырды”, -деді.
Исмаил ас-Севабите халықаралық қауымдастықты қыс мезгілінде адамдардың жаппай қырылуына жол бермеу үшін шұғыл шара қабылдауға, қауіпсіз баспана және жылыту мүмкіндіктерімен қамтамасыз етуге шақырды.




















