Түркия СІМ Қазақстанның бірқатар өңірінде болған су тасқынына байланысты осы елге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Евразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Түркия СІМ мәлімдемесінде Анкара апаттың салдарын жоюға барлық қажет көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан Үкіметі мен халқына тілектестігін білдірген Түркия СІМ ресми сайтында: «Су тасқыны Қазақстанға елеулі шығын әкеліп, қиын жағдай туғызуда. Су басқан аймақтарда тұратын қазақстандықтарды эвакуациялауға мәжбүр етті. Қазақстан Үкіметі мен халқына көңіл айтамыз», -деп жазды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан туындаған ауыр жағдайға байланысты үндеу жасап, қардың күрт еруі салдарынан болған күрделі жағдайды «табиғи апат» деп атады. Президенттің айтуы бойынша, бұл — көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат.
Айта кетейік, 6 сәуір күні Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасы бойынша осы елдің Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына байланысты Қазақстанға 300 тонна гуманитарлық көмек жіберген болатын.




















