Сауд Арабиясы 2024 жылдың мамыр айынан бастап Азиядағы сатып алушылар үшін мұнай бағасын көтереді.
Еуразия Тудейдің Bloomberg агенттігінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Saudi Aramco мемлекеттік компаниясы бірқатар ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді қысқарту мерзімін ұзарту және Таяу Шығыс нарығындағы шиеленістің күшеюі аясында мамыр айынан бастап Азиядағы сатып алушылар үшін мұнайдың көптеген түрінің бағасын көтеретінін хабарлады.
Компания мәлімдемесінің жалғасында: «Азияға жеткізілетін негізгі сорттың «Arab Light» құны барреліне 0,3 долларға қымбаттайды. Нәтижесінде ол Оман мен Дубайдан әкелінетін мұнай себетінен 2 долларға қымбатқа түседі, — деп жазылған.
Interfax.ru агенттігі Сауд Арабиясынан АҚШ пен Солтүстік-Батыс Еуропаға жеткізілетін мұнай бағасы негізінен өзгеріссіз қалатынын, Жерорта теңізінде барреліне 0,1-0,4 долларға өсетінін жазды.
Bloomberg атап өткендей, трейдерлер сонымен қатар Азия үшін Сауд Арабиясы мұнайының құны барреліне $0,1 өседі деп күткен.




















