Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтты.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша Мемлекет басшысы бұл гуманитарлық көмек екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары сұхбат барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасты.
Қырғызстан Президенті жақын арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келетінін растады.
Айта кетейік, Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров сәуірдің 4 күнгі Жогорку Кенеш отырысында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың атынан Қазақстанға көктемгі су тасқынына байланысты бүгін-ертең гуманитарлық көмек тиелімін жөнелтетінін мәлімдеген болатын.
Еске салайық, 2 ақпан күні Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында жылу электр орталығында ірі апат болғанда Қазақстан да көмек қолын созып, Жамбыл ГРЭС-інен Қырғызстанға жіберілетін электр энергиясының жеткізілімін күрт арттырды.














