Жапония премьер-министрі Вашингтонға сапары барысында Америка президентімен кездесуінде жасаған ортақ мәлімдемеде Қытаймен қарсыласу мақсатында әскери ынтымақтастықтың жаңа ғасыры басталғанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Америка президенті Ақ үйде Жапония премьер-министрімен кездесуде екі елдің байланысын жеңілмейтін байланыс деп атады.
The Guardian газеті Америка президенті Джо Байденнің сөзіне сілтеме жасап, Жапония мен Америка әскерилері Аустралиямен бірге ортақ командалық құрылымда серіктестік жасайтынын, осындай тәртіппен әуе зымырандарына қарсы қорғаныстың жаңа желісін дамытатынын хабарлады.
Байден Жапония премьер-министрі Фумио Кишидамен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында: «Біз әскеріміз біртұтас және тиімді түрде бірге жұмыс істей алуы үшін әрекеттесу әлеуетіміз бен жоспарларымызды арттырып жатырмыз. Мен сондай-ақ, Жапония, АҚШ және Австралияның әуе, зымыран және қорғаныс құрылымдарының желілік жүйесін қалыптастыратынын алғаш рет хабарлауға қуаныштымын. Біз сондай-ақ, Жапония және Ұлыбританиямен үшжақты оқу-жаттығуларын өткізуге мүдделіміз» деді.
Джо Байденнің пікірі бойынша, бұл келісімдер Жапония мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастықтың жаңа стандарты бола алады.
The Guardian газеті бұл әрекеттің Қытайдың Тайваньға шабуылы сияқты дағдарыс жағдайында америкалық және жапондық күштерді күшейту мақсатында жасалу ықтималын жазды. Дегенмен Америка президенті бұл әрекеттің тек қорғаныс мақсатынын көздейтінін, ешбір халыққа немесе аймаққа қауіп төндірмейтінін баса айтты.
Байден сондай-ақ, Жапонияның Солтүстік Корея басшысымен кездесу өткізу үшін жасаған талпыныстарына алғыс айтып: «Сан рет айтқанымдай, біз Солтүстік Корея тарапынан ешбір алғышартсыз келіссөзге кез-келген уақытта дайынбыз» деді.
Жапония премьер-министрі де өз кезегінде сөз алып, тілшілерге АҚШ президентімен Қытай-Тайвань арасындағы шиеленісті қарым-қатынасты талқылағанын және заң үстемдігіне негізделген халықаралық тәртіпті сақтауға міндеттеме алғанын айтты.
Ол сондай-ақ: «Біз қазіргі жағдайды күшпен немесе мәжбүрлеу арқылы өзгертуге бағытталған біржақты әрекеттердің мүлдем қабылданбайтынын растадық» деді.
Фумио Кишида Украинадағы бүгінгі дағдарыс бәлкім, ертең Шығыс Азияда болуы мүмкін деген уәж айтып: «АҚШ пен Жапония мұндай әрекеттерге, соның ішінде Қытайдың түйткілдеріне жауап береді. Ресейдің Украинаға шабуылын назарға алсақ, Украинадағы бүгінгі жағдай ертең Шығыс Азияда болуы мүмкін» деді.
Кишида мен Байден сондай-ақ, технология, жасанды интеллект және экономика салалары мен ядролық синтезді жеделдету және коммерцияландыру бойынша бірлескен ынтымақтастық бойынша келісімдердің жасалғанын жариялады.
Жапония мен АҚШ зымырандарды бірлесіп жасау, дамыту, америкалық әскери соғыс кемелері мен ұшақтарды жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету бойынша ассамблея, сондай-ақ, жойғыш ұшқыштарды даярлау жөніндегі жұмыс тобын құратын болды.
Сондай-ақ, Жапония Премьер-Министрі мен АҚШ Президентінің бірлескен мәлімдемесінде Америка Құрама Штаттары, Австралия және Ұлыбритания арасындағы үшжақты келісім –ACOS шартына сілтеме жасалып, ACOS қорғаныс серіктестігі Жапониямен алдыңғы қатарлы технологиялар, соның ішінде кванттық есептеулерді, суасты қайықтары мен ультрадыбыстық, жасанды интеллект және кибертехнологиялар бойынша ынтымақтастықты қамтитыны хабарланды.
Кишида бұл туралы: «Біз аймақтың тыныштығы мен тұрақтылығы үшін ынтымақтастық жасағымыз келеді. Сондықтан біз ACOS-ты үнемі қолдаймыз, бірақ Жапонияның ACOS-пен тікелей ынтымақтастығы туралы әлі шешім қабылданған жоқ» деді.
Жапония премьер-министрі бүгін, бейсенбі күні Америка Құрама Штаттарының Конгресінде баяндама жасайды. Содан кейін АҚШ пен Филиппин президенттерінің отырысына қатысады. Жоспар бойынша тараптар кездесуде Қытай мен Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі туралы сұхбаттасып, ақылдасады.



















