Көрші Қытай елі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне, сондай-ақ энергетика саласына қызығушылық танытып отыр.
Қазақстаннан Қытайға жөнелтілетін тауар көлемі едәуір артуы мүмкін. Себебі, көрші ел қазір отандық ауыл шаруашылық өнімдері мен энергетика салысына қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй мәлім етті.
Оның сөзінше, екі ел арасындағы сауда байланыс биылдың өзінде 6,8 миллиард доллардан асқан. Мәселен, бір ғана «Қорғас» кеден бекеті арқылы 15,6 миллион тонна тауар өтіпті. Яғни, алыс-беріс 48 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бас консул сөзінде, апталап созылатын кедендегі кептелістің де басылғанын айтты.
Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының мәліметінше, мұндай көрсеткіштер шекаралық пункттердегі кедергілерді қысқарту бойынша жұмыстың нәтижесі болып табылады.
«Мен осыдан екі апта бұрын Қазақстан СІМ өкілдерімен бірге шекара бекеттерінде болдым. Сол жерде біз шекарашылармен және екі ел кеденшілерімен, сонымен қатар қызметкерлермен кездестік. Кеденде кептеліс жоқ, бірақ шағын кезек бар. Қазір Қытайға қарай шекарадан бір ауыр жүк көлігі кем дегенде үш сағаттың ішінде өтіп жатыр. Алдағы уақытта да қазақстандық кәсіпкерлер үшін қолайсыздық тумайды деп ойлаймын», — дейді Цзян Вэй.
Мамандардың мәліметі бойынша, күн сайын Қазақстаннан Қытайға бірнеше пойыз және шамамен 800-ге жуық көлік пен жүк көлігі өтеді.


















