БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Қытай Халық Республикасына жұмыс сапармен аттанды.
Сапар барысында Антонио Гутерриш Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі. Бұл туралы Дүниежүзілік ұйым Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик хабарлады.
«Бас хатшы Антонио Гутерриш Бейжіңге жол қартты. Бейжіңде өтетін «Бір белдеу, бір жол» үшінші халықаралық форумына қатысады. Сондай-ақ форумның ашылу салтанатында сөз сөйлейді. Антонио Гутерриш ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, төрағаның орынбасары Хан Чжэнмен және басқа да жоғары дәрежелі шенеуніктермен, соның ішінде Сыртқы істер министрі Ван Имен және климаттың өзгеруі жөніндегі арнайы өкілі Се Чжэньхуамен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған»,-деп мәлімдеді Стефан Дюжаррик.
Айта кетсек, 17-18 қазан аралығында Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» үшінші халықаралық ынтымақтастық форумы өтеді.
«Бір белдеу, бір жол» форумы алғаш рет 2017 жылы мамырда Бейжіңде, ал екіншісі Қытай астанасында 2019 жылдың сәуірінде өтті.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы 2013 жылы басталған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы» жобаларын біріктіреді.



















