Қоғамдық саясат институты қазанның 6 күні өткен референдумда дауыс берушілер арасында сауалнама жүргізді. Exit poll нәтижесінде қатысушылардың 72,3 пайызы АЭС құрылысын қолдаған.
Еуразия Тудейдің Іnformburo агенттігіне сілтеме хабарлауы бойынша, Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Медет Өмірзақов «Астана» телеарнасының тікелей эфирінде cөйлеген сөзінде Қоғамдық саясат институты барлық өңірде экзит-полл өткізгенін және оған 44 160 азамат қатысып, сауалнама 300 дауыс беру учаскесін қамтығанын айтты. Сарапшының айтуы бойынша, сауалнама барысында 600-ден астам сұхбат алушы мен бақылаушылар жұмыс атқарған. Медет Өмірзақов: «Сауалнама нәтижесі бойынша, қатысушылардың 72,3 пайызы Қазақстанда АЭС құрылысын қолдады, ал қарсы пікірді 27,2 пайызы білдірді», — деді.
Сонымен қатар, референдумға байланысты ойын білдірген сарапшы Айдос Сарым референдумның ресми түрде өткенін айтады.
Tengrinews агенттігінің сайтындағы мәліметке сәйкес, белгілі саясаткер, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым дауыс беру үшін учаскелерге келген қазақстандықтардың көпшілігі АЭС салу туралы бастаманы қолдағанын айтады. Сарапшы: «Көктем мен жазда мен АЭС жақтаушыларының баяу, алайда сенімді түрде өсіп жатқанын көрсететін сауалнама деректерін байқадым. Демек, бұл науқанға біз қолдаушылардың 50 пайыздан асатынын біліп бардық. 6 партия мен республикалық қозғалыстардың көпшілігі, жүздеген үкіметтік емес ұйымдар кіретін Республикалық штаб құрылғаннан кейін бір айдан астам уақыт ішінде орасан зор жұмыс атқарылды. Елді араладық. Облыстық және аудандық штабтар барлық ресурсты жұмылдырды. Үгіт-насихат кезеңінде АЭС құрылысын жақтайтындар біршама көбейгені байқалды», – дейді.
Telegram парақшасында «Қазақстан халқы атом станциясын салу қажеттілігін қолдады» деген пікір білдірген саясаттанушы Данияр Әшімбаев: «Мәліметтерге сүйенсек, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайызға жуығы атом электр станциясын салуға дауыс берді. Шамамен 30 пайызы қарсы болды. Экзит-полл нәтижелері, әдетте, келесі күні жарияланатын Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметтерінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Осылайша, Қазақстан халқы атом станциясын салу қажеттілігін қолдады деген қорытынды жасауға болады», — деп жазды.
Сарапшы Маңғышлақта 25 жыл бұрын жабуға тура келген атом станциясына тоқталып, Қазақстан үшін АЭС салу жаңа тақырып еместігін айтты.
Еске сала кетейік, кеше, қазанның 6 күні Қазақстан халқы 10 249 референдум учаскесінде ел келешегін айқындайтын атом электр станциясын салу мәселесі бойынша дауыс берді.
ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі референдумда бақылаушы болды. Олардың пікірінше, референдум ашық, еркін және заңды өтті.












