Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас хатшысының жаңадан тағайындалған Арнайы өкілі Каха Имнадземен келіссөздер өткізді.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азия бойынша тур аясында Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысының жаңадан тағайындалған Арнайы өкілі – БҰҰ-ның Орталық Азия үшін Превентивті дипломатия бойынша өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы Каха Имнадземен келіссөздер өткізді.
Тараптар Орталық Азия өңірінің өсіп келе жатқан рөлін, өңірдегі трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін, терроризм мен есірткіге қарсы күресті, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды талқылады.
Сұхбаттастар аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін превентивті дипломатия құралдарын дамыту мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
М. Нұртілеу Қазақстан қауіпсіздік пен орнықты даму саласындағы сын-қатерлерді шешуде Ұйымның көшбасшылық рөлін мойындай отырып, БҰҰ-мен ынтымақтастыққа басымдық беретінін атап өтті.
Осы тұрғыда Қазақстанның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасының өзектілігін атап өтті.
Өз кезегінде, К.Имнадзе Қазақстан мен БҰҰ арасындағы осы жылдар ішінде қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімге оң баға беріп, мультилатерализм қағидаттарын ұстанғаны үшін, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастық мәселелеріндегі еліміздің белсенді ұстанымы үшін алғыс білдірді.
Орталық Азия елдерінің дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосуға дайын екендігін мәлімдеді. БҰҰ-ның Орталық Азия үшін Превентивті дипломатия бойынша өңірлік орталығы 2007 жылы өңірдің бес мемлекеті үкіметтерінің бастамасымен құрылған БҰҰ саяси және бейбітшілік мәселелері департаментінің арнайы саяси миссиясы. Штаб-пәтері Түрікменстанның Ашхабад қаласында орналасқан.



















