Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бүгін, 6 қазанда Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухеил әл-Мазруиді қабылдады.
Қырғыз Республикасы Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша кездесуде тараптар елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары және өзара мүдделі сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық салалардағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселелерін талқылады.
Қырғыз Республикасының Мемлекет басшысы Қырғыз-БАӘ қарым-қатынасы дамуының жоғары динамикасын айта келе, БАӘ араб әлеміндегі басты сауда әріптесі деп атады.
Садыр Жапаров Қырғызстанның Орталық Азия елдерімен және Парсы шығанағындағы араб елдерімен ынтымақтастығы биыл жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, Қырғызстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы көлемінің жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап Wizz Air Abu Dhabi әуе компаниясы Абу-Даби мен Бішкек және Ош қалалары арасында тікелей рейстерді жүзеге асыра бастады. Қырғыз тарапы да Бішкекте БАӘ елшілігінің ашылуын күтуде.
Өз кезегінде БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухайл әл Мазруи Мемлекет басшысына жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, өз елі басшылығының Қырғызстанмен кең ауқымы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Сухейл әл-Мазруи Қырғызстанға сапары барысында елдің тиісті министрлігімен энергетика саласындағы ынтымақтастықта оң нәтижелерге қол жеткізілгенін қанағаттанушылықпен хабарлады.
Министр сондай-ақ бірқатар әмірлік компанияларының осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Қырғыз Республикасындағы бірлескен энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға қатысуға ерекше қызығушылықтары туралы хабарлады.
Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері мен қаланы тұрақты дамыту саласында әлемдік көшбасшы болып табылатын «Масдар» компаниясының Ыстықкөл өңірінде күн электр станциясын салу жобасы туралы мәселе де талқыланды.
















