Әзірбайжан президенті Әлиев кенеттен кезектен тыс президенттік сайлау жариялады. Бұның себебі неде?
20 жыл бойы елді басқарған Әзірбайжан президенті Илһам Әлиев кенеттен кезектен тыс президент сайлауын 2024 жылдың 7 ақпанында өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Илһам Әлиев бұл шешімінің себебін түсіндірмеді. Бақылаушылар Әлиевтің былай бірінші рет жасап отырмағанын алға тартуда.
Әлиевтің президент ретіндегі кезекті мерзімі 2025 жылы аяқталады. Әзірбайжанда алдыңғы президенттік сайлау да кезектен тыс өтті. 2018 жылдың қазан айында өтетін президенттік сайлау сәуір айында жүзеге асырылды.
Сондай-ақ, Әзірбайжан Конституциясы бойынша кезекті парламент сайлауы 2020 жылдың 1-қарашасында өтуі тиіс еді. Алайда Әзірбайжанда 6-шы шақырылым Мейли Межилис (Парламент) сайлауы 2020 жылдың 9-ақпан күні өтті.
Елдің оппозициялық лидері Али Керимли референдум нәтижесі бұрмаланатыны жөнінде Facebook парақшасында жазып, Әзірбайжанда сайлау мерзімінің ауысуын 17 наурызда президент сайлауын өткізу туралы қабылданған Ресей шешімімен байланыстырды.
Парламент депутаты Нагиф Хамзаев Әзірбайжан президенті Илһам Әлиев алдағы сайлауда да жеңіске жетеді деп ойлайды. Депутат сайлаудың бір жыл бұрын немесе бір жылдан кейін өткізілуінің ешқандай айырмашылығы жоқ деп санайды. Хамзаев Әзірбайжанда халық Әлиевті әрқашан қолдап келе жатқанын айттыі.
Коммерсант.ру сайтының жазуы бойынша Әзірбайжанның оппозициялық «Мусават» партиясының басшысы Ариф Гаджилы Turan-ға берген сұхбатында әдетте кезектен тыс парламенттік немесе президенттік сайлау елде дағдарыс орын алған кезде өтетінін, алайда Әзірбайжанда саяси дағдарыс жоқ екенін айтты.
Ведомости сайтындағы мәліметке сәйкес, Ресей ғылым академиясының Е.М.Примаков атындағы әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институтының Орталық Азия секторының аға ғылыми қызметкері Станислав Притчин Әлиевтің шешімінің себептерінің бірін «жалпы болжанбайтын сыртқы саяси жағдай» деп сипаттады.
Сарапшы: «Таяу Шығыстағы жағдай, Тайвань төңірегіндегі мәселе және Украина дағдарысы, жалпы сыртқы саяси жағдайлардың қолайсыз дамуы жағдайында Әзірбайжан басшылығы сайлауды ертерек, өздері үшін қауіпсіз жағдайда өткізуге шешім қабылдады. Әзірбайжанда мерзімінен бұрын дауыс беруге ішкі фактор да ықпал етеді», -деді.
Сарапшының пікірінше, Таулы Қарабақ толық бақылауға алынған дәл қазіргі сәтте Әлиев халық тарапынан қолдаудың барынша жоғары деңгейіне ие.
ИМЭМО РҒА Посткеңестік зерттеулер орталығының Кавказ секторының меңгерушісі, сарапшы Вадим Муханов “Таулы Қарабақтан басқа Әлиевтің президенттігі кезінде ел бірқатар жетістіктерге қол жеткізді, сыртқы және сауда-экономикалық табысты саясат жүргізілді және Түркияның қолдауына ие болды. Осы факторлардың барлығы негізінде Әзірбайжан президенті Әлиев әкесі күткен халықтың қолдауына ие болды. Осындай табыстың аясында Әлиев кезектен тыс сайлау өткізеді»,-деп есептейді.
Илһам Әлиевтің Әзірбайжанда айтарлықтай бәсекелестері жоқ. Дегенмен халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, оның кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдауының себебі — әсіресе шетелдік дұшпандарын елінің ішкі ісіне араласу ықтималынан айыру.




















