«Газпром» энергетикалық компания басшысы Алексей Миллер қыс мерзімінде Ресейден Өзбекстанға газдың максималды көлемі жеткізіліп отырғанын хабарлады.
Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 26 желтоқсанда Ресей Президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте «Газпром» компаниясының басқарма төрағасы Алексей Миллерді қабылдады.
Осы мәліметке сәйкес, Миллер Путиннің күзгі-қысқы кезеңде газбен қамтамасыз ету бойынша шетелдік серіктестермен жұмыс қалай деген сұрағына компанияның серіктестерімен өте сындарлы және көршілік қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқанын айтты.
Миллер желтоқсан айында Өзбекстанға да аяз келгендіктен, Өзбекстан жауапты тұлғаларының осы елге газ жеткізуді қол қойылған келісімшарт бойынша күнделікті міндеттемелерінен екі есеге арттыратын көлемде ұлғайтуды сұрағанын айтты.
Оның айтуынша, қазір желтоқсан айында Өзбекстанға «Орта Азия-Орталық» газ құбыры арқылы жеткізуге болатын газдың техникалық тұрғыдан максималды көлемі жеткізіліп отыр.
Айта кетейік, «Орта Азия-Орталық» газ құбыры жүйесі Түркіменстаннан Өзбекстан мен Қазақстан арқылы Ресейге өтеді.
2023 жылдың 7 қазанынан бастап, «Орта Азия-Орталық» газ құбыры жүйесінің қолданыстағы инфрақұрылымы кері бағытта пайдаланыла бастады, яғни бүгінде Ресейден Өзбекстанға экспорттық газ Қазақстан аумағы арқылы жеткізіледі.



















