Қазақстан «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің айтуы бойынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті саналатын қарарларына сәйкес, «Талибан» қозғалысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдардың тізіміне енбеген. Қазақстан БҰҰ тәжірибесіне сәйкес, «Талибан» қозғалысын одан шығару туралы шешім қабылдады.
Смадияров сонымен қатар Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйымдардың ұлттық тізімін жаңарту мақсатында тұрақты түрде тексеріс жүргізілетінін де мәлімдеп, «Талибан» қозғалысының террористік ұйымдар тізімінен осы үдерістің бір бөлігі ретінде шығарылғанын айтты.
2023 жылы 17 сәуірде ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «Талибанға» Астанада елшілік ашуға рұқсат бергенін хабарлады. СІМ ресми өкілі бұл шешімнің тәліптердің билігін мойындау дегенді білдірмейтінін, «Талибанды» мойындау БҰҰ құзыретінде екенін баса айтқан болатын.



















