Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, атауы Алатау қаласы болып өзгертілді. Бұл туралы kz.eurasiatoday.ru агенттігі Ақордаға сілтеме жасап хабарлады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2024 жылғы 9 қаңтар күні Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Қаулыға қол қойды. Қаулыда: «Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылсын және оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілсін» деп жазылған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауы бойынша Алатау қаласының жалпы ауданы – 88 мың гектар. Қала халқының саны 52,7 мың адамды құрайды. Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі арнайы экономикалық аймақ аумағына жатқызылады.
Тақырыпқа орай:
Айта кетейік, Алатау қаласы Алматыдан 47 шақырым жерде орналасқан.
Жетіген ауылының іргетасы 1959 жылы “Рассвет” сүт өндіру кеңшарының құрылуына байланысты қаланды.










