Тәжікстан мен Түркия Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Тәжікстан СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша 2024 жылғы 10 қаңтарда Душанбеде Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сирожиддин Мухриддин мен Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар саясат, экономика, сауда, инвестиция, білім, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, туризм, қауіпсіздік, терроризмге қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ, ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар аясындағы екі елдің ынтымақтастығын да талқылады.
Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша Сирожиддин Мухриддин мен Хакан Фидан Тәжікстан мен Түркия Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.
Айта кетейік, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фидан 2024 жылғы 9 қаңтарда Душанбеге ресми сапармен келді.



















