Түркияның Әскери-теңіз күштері Сомалимен жасалған қорғаныс және экономикалық ынтымақтастық келісімі аясында Африка елінің аумақтық суларын он жыл бойы қорғайды.
Сомалидің Министрлер кабинеті Түркиямен қорғаныс және экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіткенін осы елдің премьер-министрі Хамза Әбди Барре хабарлады.
Anadolu агенттігінің кеше, 21 ақпан күнгі Сомали президенті Хасан Шейх Махмудтың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша келісім теңіз қауіпсіздігі мен сауда мәселелерін де қамтиды.
Түркия Қорғаныс министрі Ясар Гүлер қол қою рәсімінде Сомалиді «Түркияның Африкадағы маңызды серіктесі» деп атады.
Африка елі билігінің мәлімдемесінде «Түркия Сомалидің одақтасы, оның білім саласына, инфрақұрылымына және денсаулық сақтау саласына инвестиция салған, сонымен қатар оған ауқымды гуманитарлық көмек көрсеткен ел» деп сипатталған.
Interfax агенттігінің хабарлауынша Сомали президенті Хасан Шейх Махмуд келісім терроризммен, сыртқы қауіптермен, қарақшылықпен, заңсыз балық аулаумен, сондай-ақ теңіз ресурстарын игерумен күрес мәселелері бойынша ынтымақтастықты да қамтитынын айтқан.
Осы мәлімет бойынша ол сонымен қатар Сомали мен Түркия арасындағы бұл келісімнің «Эфиопияға немесе басқа елдерге қарсы дұшпандық мақсаттары жоқ» деп қуаттады.
DW агенттігінің ресми ақпаратқа сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Түркия мен Сомали арасындағы келісімге, ең алдымен, оның Африка құрлығындағы көршісі Эфиопиямен қақтығыс себеп болған.
Сомалидің ақпарат порталы Garowe келісімнің Түркияның ресурстарға бай Сомалидің экономикалық теңіз аймағын пайдаланудан түсетін кірістің 30 пайызға дейінгі мөлшерін алуын қарастырады деп хабарлады.
Сомали – Шығыс Африкадағы мемлекет. АҚШ бітімгер күштері Сомалиден шыққан соң елдегі азамат соғысы мен сепаратистердің әрекеттері салдарынан ұзақ уақыт бойы мемлекет ретінде құлдырап, көптеген квази мемлекетке бөлінді. 1960 жылдан бері БҰҰ мүшесі.
















