Армения мен Әзірбайжан СІМ басшылары Арарат Мирзоян мен Джейхун Байрамов ақпан айының соңында Берлинде кездеседі.
Бұл туралы Армения СІМ баспасөз хатшысы Ани Бадалян мәлімдеді.
Интерфакс агенттігінің Ани Бадалянның сөзіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Армения мен Әзірбайжан СІМ басшыларының кездесуі 28-29 ақпанда Берлинде өтеді.
Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян да Армения мен Әзірбайжан Сыртқы істер министрлерінің алдағы кездесуінде екі ел арасындағы бейбітшілік туралы келісімнің жобасы талқыланатынын мәлім етті.
Сонымен қатар, Әзірбайжан СІМ басшысы Джейхун Байрамов Арарат Мирзоянмен Берлинде кездесетіні туралы Ходжалы геноциді оқиғасын еске алу күнінде мәлімдеді.
Джейхун Байрамовтың айтуы бойынша, Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзірбайжан президенті Илһам Әлиев Германия канцлері Олаф Шольц қатысқан Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясындағы үшжақты кездесудің нәтижесі бойынша бейбітшілік шарты негізінде жұмысты жалғастыруға шешім қабылданған.
Еске сала кетсек, өткен аптада Армения премьер-министрі мен Әзірбайжан президенті бейбіт келісім бойынша жұмысты жалғастыру мақсатында Германияның бастамасымен Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында кездесті.
Кездесу барысында армян-түрік қатынасын қалыпқа келтіру және бейбіт келісімге қол қою, сонымен қатар Баку мен Ереван арасындағы шекараны делимитациялау мәселелері талқыланды.












