Үндістан билігі шағын жерсеріктерді ұшыру үшін елде екінші ғарыш айлағын салуды жоспарлап отыр.
India Today журналының мәліметінше, жаңа ғарыш айлағы Үндістанның Тамилнад штатындағы Куласекхарапатнам қаласында салынады.
Айлақтың іргетасы 2024 жылғы 28 ақпан күні қаланады.
Айлақ құрылысының іргетасын қалау рәсіміне Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди қатысады деп күтілуде.
Үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) ғалымдарының пікірінше, жаңа ғарыш айлағы елде отынды үнемдеуге көмектеседі. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл айлақтан ұшырылатын жерсеріктер тікелей оңтүстікке бет алады.
Сонымен қатар, Үндістан билігі жаңа ғарыш айлағының айналасына ғарыш индустриясы мен жанармай кешенін құруды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік дереккөздерге сәйкес, аталмыш ғарыш айлағын толық аяқтау жұмыстарына кем дегенде екі жыл қажет.
Үндістанның бірінші ғарыш айлағы Шрихарикота аралындағы Андхра-Прадеш штатының Сатиш Дхаван атындағы Ғарыш орталығы болып табылады.












