Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы 2024 жылғы 12-13 наурыз аралығында стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізіп жатыр.
Бұл туралы ұйымның ресми баспасөз қызметі хабарлады.
Жаттығу барысында Орталық Азия ұжымдық қауіпсіздік аймағындағы жағдайды тұрақтандыру мәселелері пысықталуда.
Жаттығулар Біріккен штаб бастығы генерал-полковник Андрей Сердюковтың басшылығымен өткізілуде.
Сердюков стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулардың биыл Қазақстан аумағында ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерінің қатысуымен өтетін «Мызғымас бауырластық — 2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық саналатынын айтты.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов атап өткендей, оқу-жаттығу «халықаралық қиын жағдайда өтіп жатыр».
Тасмағамбетовтың айтуынша, жаттығулардың маңызды мақсаттарының бірі – дағдарысқа қарсы ұжымдық іс-қимылдардың алгоритмін нақтылау және олардың тиімділігін бағалау.
Еске салайық, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының негізі 1992 жылғы 15 мамырда Ташкентте қаланды.
Бұл Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан тұратын аймақтық мемлекетаралық ұйым.
ҰҚШҰ-ның негізгі мақсаты – ұйымға мүше елдерді сыртқы қарулы шабуылдан қорғау.
Ұйымға биыл Қазақстан төрағалық етіп отыр.




















