ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері Израиль мен АҚШ-ның Иранға жасаған соққыларын қатаң айыптап, бұл әрекеттердің аймақтағы тұрақсыздыққа қауіп төндіретінін айтты.
Еуразия Тудейдің ҰҚШҰ-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Сыртқы істер министрлері Шолпан-Ата қаласында өткен отырыс қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеде: “Біз, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне қатты алаңдаушылық білдіреміз. Біз БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықты бұзып, Иран Ислам Республикасына қарсы күш қолдануды қатаң айыптаймыз. Біз барлық зардап шеккендерге жанашырлық білдіріп, соққылар салдарынан қаза тапқандарға қайғырып, көңіл айтамыз.
Біз азаматтық нысандарға, соның ішінде ядролық инфрақұрылымға жасалған кез келген шабуылға мүлдем жол берілмейтінін және халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын өрескел бұзу болып табылатынын ескертеміз.
Шабуылдардың жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылық үшін жойқын салдары бүкіл аймақта жағдайдың одан әрі тұрақсыздану қаупін тудырады. Сонымен қатар, мұндай әрекеттер Таяу Шығыста ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қарулардан азат аймақ құру қадамдарына нұқсан келтіреді.
Біз мәселелерді шешуде күш қолдану әдістерін қолданудан бас тартып, АҚХА кепілдік берген және Агенттіктің тексеру қызметінің нысанасы болып табылатын ядролық нысандарға жаңадан соққы жасалуына жол бермеуге шақырамыз.
Біз атысты тоқтату келісімін құптап, оның тұрақты түрде орындалатынына үміт білдіреміз”, — деп жазылған.
Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өтті.


















