АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы TikTok желісіне тыйым салатын заң жобасын мақұлдады.
Deutsche Welle агенттігінің хабарлауынша, ByteDance компаниясы алты ай ішінде әлеуметтік желінің америкалық бөлігін сатуға мәжбүр. Қытай бұл бастама АҚШ-тың өзіне қиындық тудыруы мүмкін деп санайды.
Бұл заң жобасы көпшілік дауыспен кеше, 13 наурыз күні мақұлданды. Заң бойынша Қытайдың ByteDance компаниясы алты ай ішінде әлеуметтік желінің америкалық бөлігін сатпаған жағдайда оған АҚШ-та тыйым салынады.
Республикалық партия депутаты Стивен Скализдің айтуы бойынша TikTok шешімі — ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселесі. «TikTok Қытай үкіметімен құпия деректерді бөліседі» деп алаңдаушылық танытқан АҚШ заң шығарушылары осындай шешімге келген.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден аталмыш заң жобасына қол қоюға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Айта кетсек, аталмыш заң жобасын 352 конгрессмен қолдаған, 65-і қарсылық білдірген.


















