Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің қорғаныс ведомство басшылары 26 сәуір күні Астана қаласында бас қосады.
Еуразия Тудейдің ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, іс-шара Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде ұйымдастырылуда.
Кеңес отырысына Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскери ведомстволарының басшылары, ШЫҰ-ның Бас хатшысы, ұйымның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры қатысады деп күтіледі.
Сондай-ақ, іс-шараға Беларусь елінің Қорғаныс министрі Виктор Хренин арнайы қонақ ретінде қатысады.
Астана қаласында өтетін кеңестің басты мақсаты — әскери саладағы қатысушы елдер арасындағы сенім шараларын күшейту, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектесу, сондай-ақ, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіру болып табылады.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы ақпан айында Астанада ШЫҰ-на мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесін өткізуге дайындық мәселелерін талқылаған отырыс өтті.



















