Тәжікстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтер басшылары кеңесінің 25-отырысы өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, жиынға Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода төрағалық етеді.
Кездесудің негізгі мақсаты — ұйымға мүше елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту.
Отырыс барысында үкімет басшылары мен ұлттық делегация жетекшілері ШЫҰ-ын одан әрі дамытудың басты бағыттарын қарастырады. Жиында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, қаржы саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға, сондай-ақ көлік-логистика байланыстарын дамытуға ерекше назар аударылмақ.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар бұған дейін қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын қорытындылап, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылайды.
Ауқымды шараға ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Қытай, Беларусь және Өзбекстанның үкімет басшылары қатысады. Ал Қырғызстан атынан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Данияр Амангелдиев келеді. Сондай-ақ отырыс жұмысына ШЫҰ-ның атқарушы құрылымдарының жетекшілері де тартылған.
Кездесуде экономикалық интеграция тетіктерін жетілдіруге, мүше мемлекеттердің транзиттік әлеуетін арттыруға және қаржылық ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріледі деп күтілуде.
Аталған мәселелер үкімет басшыларының кездесуіне дайындық аясында Душанбеде өткен ШЫҰ Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің отырысында талқыланған.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар ұйым аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттар топтамасын қабылдауды жоспарлап отыр.



















