Иран Ислам Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкін құру жөніндегі бастамасын қолдайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Орталық банкінің делегациясы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкін құру жөніндегі халықаралық отырысына қатысады.
Басқосуда тараптар жаңа қаржы институтының құқықтық негіздерін бекітетін өзара түсіністік меморандумының жобасын талқыламақ.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ШЫҰ және БРИКС істері жөніндегі бас директоры Меһрдад Киайи Иранның бұл келіссөздерге белсенді әрі сындарлы түрде қатысатынын жеткізді. Оның айтуы бойынша, Шэньчжэньдегі кездесу ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қаржы-банк ынтымақтастығын дамыту үшін таптырмас мүмкіндік.
Меһрдад Киайи: «Шэньчжэньдегі кездесу ШЫҰ Даму банкін құрудың құқықтық және атқарушылық негіздері туралы сарапшылық пікір алмасуға жол ашады», — деді.
Ирандық дипломат ұйымға мүше елдер арасында ортақ қаржы жүйесін қалыптастырудың маңызы зор екенін атап айтты. Оның пайымдауынша, бұл қадам экономикалық байланыс пен өзара сауданы кеңейтуге, аймаққа ірі инвестициялар тартуға және мүше мемлекеттердің ақша-кредит пен банк әлеуетін толыққанды пайдалануға жол ашады.
Меһрдад Киайи төртінші консультативтік отырыс ШЫҰ Даму банкін құрудың негізін толық әзірлеп, жобаны іс жүзінде бастауға септігін тигізеді деген үмітте.
Айта кетейік, жуырда Бішкек қаласында ШЫҰ Даму банкін құру мәселесіне арналған үшінші консультативті кездесу өтіп, оның аясында ШЫҰ Даму банкін құру, мүше мемлекеттердің қаржылық өзара іс-қимылын кеңейту және көпжақты ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
ШЫҰ Даму банкін құру мәселесіне арналған алғашқы консультативті кездесу 2025 жылы Тяньцзинь қаласында және екінші кездесу биылғы жылдың сәуір айында Сиань қаласында өтті.


















