Тбилисиде «шетелдік агенттер» туралы даулы заң жобасына қарсы наразылық білдірушілер полициямен қақтығысып, осы ел парламентінің ғимаратына кіруге тырысты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тбилисиде Грузия мен Еуропалық Одақ туларын ұстаған наразылық білдірушілердің үлкен тобы парламент ғимаратының алдына екінші түн қатарынан жиналды. Олар ел бюджетінің 20 пайыздан астамы шетелден алатын ұйымдарды «шетелдік агенттер» ретінде тіркеуге мәжбүрлейтін заң жобасына қарсы.
Грузия парламенті кеше, сәрсенбі күні аталмыш заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Осы күні шаңғы маскаларын киген наразылық білдірушілер тобы қауіпсіздік қоршауларын бұзып, Грузия парламентінің ғимаратына кіруге тырысты. Полиция қызметкерлері су бүріккіш машиналар мен бұрыш спрайлерін қолданып, парламенттің кіреберісін басып алуға әрекеттенген наразылық білдірушілерді кері қууға тырысқан.
Сондай-ақ, полициямен қақтығысып, тұтқынға алуға қарсылық танытқан кейбір наразылық білдірушілердің видеолары жарияланды. Грузин теледидарының бірінші арнасының хабарлауы бойынша, наразылық білдірушілер Тбилисидің орталығындағы бірнеше жолды жауып тастаған.
Грузия Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Дарахвелидзе журналистерге сәрсенбі күні кешке «бұзақылық жасады» деген айыппен барлығы 63 наразылық білдіруші қамауға алынғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» партиясының жетекшісі Леван Хабеишвилиді сәрсенбі күні таңертең полиция ұрлап, ұрып-соққан. Хабеишвили сол күнгі парламент отырысына мұрны мен маңдайына таңғыш тағып қатысқан.
Russia Today телеарнасының хабарлауынша, оппозиция Грузиядағы даулы заң жобасын «Ресей заңы» деп атап, оны 2012 жылы Ресейде қабылданған заңмен салыстырады.
Наразылық білдірушілер үкімет бұл заңды тәуелсіз БАҚ алдында тұрған міндеттерді белгілеу және диссиденттерді жазалау үшін қолданады деп санайды.



















