Палестинаның жақтастары Женевадағы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңсесі алдында Газа секторындағы соғысқа қарсы шеру өткізіп, тез арада атысты тоқтатуды талап етті.
Еуразия Тудейдің Middle East Monitor сайтына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Израильдің Газа секторы мен басып алынған Батыс жағалауға шабуылдары күшейген уақытта Палестинаны жақтаушылар кеше, жексенбі күні Женева қаласында газалықтарға қолдау көрсету үшін ауқымды шеру өткізді. Наразылар БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңсесі орналасқан Вильсон сарайының алдына жиналды. Қолдарына Палестина туын ұстаған шерушілер Израильдің Газа секторы мен Батыс жағалауға жасаған шабуылдарына, сондай-ақ шабуылдардан қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен балалар санының артуына наразылық білдірді. Шерушілер Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен АҚШ Президенті Джо Байденге қарсы ұрандар айтып, тез арада атысты тоқтатуды талап етті.
Сондай-ақ, Лондонның орталығында да Палестинаны жақтаушылар наразылық шеруін өткізді. Шерушілер Англия астанасы Лондонның Оңтүстік Кенсингтон ауданында орналасқан Израиль елшілігінің алдына жиналды.
Наразылар Лондоннан сионистік режимге қарсы дереу қару-жарақ эмбаргосын енгізуді, сонымен қатар Израиль армиясынан Газа секторындағы соғысты тоқтатуды сұрады.
Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Газа секторында 7 қазаннан бері Израиль шабуылдарынан 40 939 палестиналық қаза тапты. Жарақат алғандар саны 94 616 адамға жетті. 2023 жылдың 7 қазанынан бергі ХАМАС пен Израиль армиясының кең ауқымды соғысы салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегуде.




















