Ұлыбритания Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Израиль қоныстарынан тауар импорттауға және бірқатар қызмет түрлерін көрсетуге тыйым салмақ.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл шешімді Франция мен Канада да қолдап отыр.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Эд Милибэндтің айтуынша, Лондонмен қатар Франция мен Канада да Израиль қоныстарынан тауар импорттауға тыйым енгізбек. Ал Дания, Финляндия, Исландия, Польша, Португалия және Швеция бұл шараларды қолдауға дайын екенін білдірген.
Нидерланд, Ирландия, Бельгия, Испания және Норвегия Израиль қоныстарынан келетін тауарларға тыйым салған. Шектеу аталған аумақтардан импортталатын барлық өнімдерге, сондай-ақ қаржыландыру, құрылыс, инфрақұрылымдық жобалар, жылжымайтын мүлік және жарнама секілді қызмет түрлеріне де қатысты.
Эд Милибэнд Ұлыбритания Үкіметі Батыс жағалаудың кейбір аудандарында израильдік қоныстанушылар палестиналықтарды этникалық тазалауға ұшыратып отыр деген пікірмен келісетінін мәлімдеп: «Бульдозерлермен қиратылған үйлер, жойылған жолдар мен инфрақұрылым және өз үйлерінен қуылған отбасылар бар», — деді.
Ұлыбритания бұрыннан Израильдің одақтасы саналғанымен, былтыр Палестина мемлекеттігін ресми түрде мойындады. Сондай-ақ Лейбористік үкімет бұған дейін палестиналықтарға қарсы көрсетілген зорлық-зомбылық пен Батыс жағалаудағы заңсыз құрылысқа қатысы бар жекелеген израильдік қоныстанушылар мен заңсыз форпосттарға санкция салды.
Ал Израиль бұл шешімді қатаң сынға алды. Сонымен қатар, ел президенті Ицхак Герцог Ұлыбританияның бұл қадамын «өрескел қате» деп атап, оның тарихтың «дұрыс емес жағында» қалатын шешім екенін айтты.
Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар: «Егер Ұлыбритания Израильге қарсы шықса, Израиль де Ұлыбританияға қарсы шығады» деп ескертті.
Сондай-ақ Израиль Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды Фолкленд аралдарын Аргентинаның аумағы ретінде мойындауға және Ұлыбританияға қарсы санкциялар енгізуге шақырды.



















