Франция, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландия Израиль Қаржы министрі Бецалел Смотричке қарсы үйлестірілген ұлттық санкция енгізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, оған Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы зорлық-зомбылықты ушықтырды деген айып тағылып отыр.
Бұл туралы Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Барроның айтуы бойынша, Франция Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысы бар қоныстанушы ұйымдарының 4 жетекшісі мен 21 қоныстанушының еліне кіруіне тыйым салды.
Франция Сыртқы істер министрі енгізілген санкциялардың Иордан өзенінің Батыс жағалауында Израиль мен Палестина автономиясы
арасында туындаған аумақтық мәселелерге, сондай-ақ израильдік қоныстанушылар мен жергілікті араб халқы арасындағы жиілеп кеткен қақтығыстарға байланысты екенін атап айтты.
Барро: «Біз британиялық, канадалық, аустралиялық, жаңазеландиялық және норвегиялық серіктестерімізбен бірге Батыс жағалаудағы отарлау және зорлық-зомбылықтың өршуіне жауапты тұлғаларға қарсы жаңа санкциялар енгіздік. Сонымен қатар, біз министр Бецалел Смотричтің еліміздің аумағына кіруіне тыйым салдық», -деді.
Барро Смотричтің Батыс жағалауды басып алуды, Газа секторында қоныстандыру саясатын жүргізуді және Палестина автономиясын
экономикалық күйреуге ұшыратуды белсенді түрде насихаттағанын баса айтты.
Бұған дейін Еуропалық Одақтың бірнеше елі, соның ішінде Франция жақын арада Израильге қарсы кезекті санкциялар салатыны жөнінде мәлімдейтінін хабарлаған болатын.
Бұған Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы қоныстанушыларының әрекеті себеп болып отыр.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Еуропалық Одақ ішінде Израильге қатысты қатаң шараларды қабылдау бұғатталған. Осыған байланысты Одақтың бірқатар елдері үйлестірілген ұлттық санкцияларды қолдануды жөн көрген.



















