Ауғанстанда хиджабты дұрыс кимейтін әйелдер ұсталып, тұтқындалады.
Ауғанстандағы “Талибан” қозғалысының әкімшілігі Һераттан кейін Кабулда да әйелдердің киімін қадағалауды күшейтетінін және осы мекеменің “жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыятын” қызметкерлері өздерінің пайымдауынша, хиджаб талаптарын сақтамаған әйелдерді тұтқындайтынын мәлімдеді.
Кабулдың батысындағы жергілікті өкілдің аудиохабарламасына сәйкес, келесі аптадан бастап 13-ші ауданда бақылау жұмыстары басталады, ал киім үлгісіне қатысты ескертулер наубайханалар мен мешіттерде ілінген.
Сонымен қатар, Һератта әйелдерді ұстау шаралары іс жүзінде басталғаны және Жебірейіл аймағы тұрғындарының наразылығы қатігездікпен басып-жаншылғаны хабарланды.
Бүгін таңертең Һераттың Жебірейіл аймағындағы халықтың наразылық шеруін “Талибан” әкімшілігі күшпен басып-жаншып, шерушілерге оқ жаудырғаннан кейін Һераттың бұрынғы әкімі наразылық білдірген мәлімдемесінде халықтың намысын “қызыл сызық» деп атап, әйелдерге жасалған зұлымдыққа үнсіздік таныту Ауғанстанның болмысына жасалған қиянат саналатынын айтты.
Һераттың бұрынғы әкімі кеше сейсенбі күні, 9 маусымда жасаған мәлімдемесінде де “Талибан” әкімшілігінің Һерат уәлаятында әйелдерді жаппай тұтқындауы мен оларға қысым көрсетуін айыптап, Һератта әйелдерді ұстау мен қудалауды «төзуге келмейтін әрекет» деп атады.
Ол бұл әрекеттерді «жабайылық әрі бетімен кеткендік» деп атап, халықты жаншып-жаныштау мен қорлау ешқашан тұрақтылыққа жеткізбейтінін ескертті. Оның айтуынша, халық кедейшілік пен экономикалық қиындықтарға тап болып отырған тұста, бар назарды әйелдердің құқықтарын шектеуге аудару қоғамның негізгі басымдықтарына немқұрайлық таныту дегенді білдіреді.
Құқық қорғау ұйымдары бұған дейін де шектеулерді әйелдердің негізгі құқықтарын бұзу деп атағанымен, «Талибан» әкімшілігі осы уақытқа дейін тұтқындаулар үшін құқықтық нақты негізді мәлімдеген жоқ.
















