ХАМАС пен Израиль арасындағы қақтығыстың жаңа кезеңі Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі ушықтырып, оның салдары аймақ шекарасынан тыс жерлердегі үдерістерге де әсер етті.
Eurasia Today ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, қазір жағдайды толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте. Израиль жаңа арандатушылықтар болуы мүмкін екенін айтып, Ғаза секторындағы әскери қимылдардың қайта басталуын жоққа шығармайды. Ал әлемнің түрлі елдерінде бірде палестиналықтарды, бірде израильдіктерді қолдайтын шерулер өтіп жатыр.
«Известия» басылымының сарапшылары қазіргі жағдайда дипломатиялық жолмен шешім табудың өте қиын екенін атап айтты. Әлемнің жер-жерінде 7 қазан оқиғасы әртүрлі форматта өтті.
Атап айтқанда, Израильде қаза тапқандардың жақындары «Nova» фестивалі өткен аумақта, Кфар-Аза елді мекенінде және шекара маңында жиналып, еске алу шараларын өткізді.
АҚШ, Аустралия және басқа да елдердегі ірі еврей қауымдастықтары еске алу дұғаларын жасады. Сондай-ақ БҰҰ алаңында арнайы іс-шара өтіп, онда ХАМАС тұтқынында болған адамдар сөз сөйледі.
АҚШ-тағы шарада Израиль азаматтарымен қатар Ғаза секторындағы бейбіт құрбандар да еске алынып, тараптар зорлық-зомбылықты тоқтатуға және саяси шешім табуға шақырылды.
Сонымен қатар, Еуропада осы күні Израильді қолдайтын акциялармен қатар, палестиналықтарды қолдаған көптеген шаралар да қатар өтті.
Қазіргі таңда Израиль Ғаза секторының шамамен 60–65 пайызын бақылауда ұстап отыр. Ал батыс жағалау бөлігі ХАМАС-тың бақылауында қалып, анклавтың оңтүстігіндегі аймақтарға қатысты дау әлі де жалғасуда.
Қақтығыста жеңімпаз жоқ
2025 жылы әскери қимылдар негізінен тоқтағанымен, бұл қақтығыста ешбір тарап жеңіске жетті деп айту қиын.
Израильдің әскери беделіне нұқсан келтіріп, Еуропа елдерімен қарым-қатынасын нашарлатқанын және араб мемлекеттерімен жақындасуын баяулатқанын алға тартқан палестиналық тарап өз мақсатына жеткенін мәлімдеді.
Ал Израиль Ғазадағы операция арқылы ХАМАС-тың қаржылық, жұмылдыру базасы мен басшылығын әлсіреткенін, сондай-ақ Иранмен байланысын бәсеңдеткенін алға тартады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху сөзінде соғыс нәтижелеріне тоқталып, басталған істі соңына дейін жеткізетінін мәлімдеді.
Тараптар адам шығыны, қаржылық шығын мен халықаралық беделге келген нұқсанды көлеңкеде қалдыруға тырысады. Сарапшы Адван Хишам мұны қоғамдағы соғысқа қарсы көңіл-күйдің ушығуына жол бермей, халықты ішкі тұрғыдан топтастырып ұстау әрекеті деп түсіндіреді. Сондықтан бүгінде олар ауқымды соғыс қимылдарынан гөрі жекеленген операцияларды жөн көріп отыр.
Бұрынғы реттеу формулалары нәтиже бермей тұр
Палестина-Израиль дағдарысын реттейтін ортақ «идеалды формуланың» болмауы қазіргі басты мәселеге айналды. Дональд Трамп жағдайды тек уақытша тұрақтандырғанымен, ұзақ мерзімді жоспар ұсынбады. Салдарынан Израиль де, ХАМАС та бұл жағдайды өз мүдделеріне бұрып, келесі кезеңді кейінге шегерді.
Ресейлік сарапшы Григорий Лукьяновтың пікірінше, БҰҰ-ның «екі халыққа — екі мемлекет» формуласы бүгінде нақты жағдайдан қалып қойып, жүзеге аспайтын нәрсеге айналды. Сонымен қатар палестиналық фракциялардың өзара келісімге келе алмауы олардың ұстанымын әлсіретіп, толыққанды келіссөз жүргізуге кедергі келтіріп отыр.
Лукьяновтың айтуынша, қазіргі кезде Израиль саясаткерлері өздері үшін анағұрлым шынайы деп санайтын сценарийлерге, яғни екі халыққа арналған бір мемлекет немесе тек бір халыққа арналған мемлекет құруға бейім.
Ресей халықаралық істер жөніндегі кеңестің менеджері Иван Бочаров Палестина-Израиль дағдарысы тек Ғазамен шектелмейтінін атап айтты. Батыс жағалауда да зорлық-зомбылық ошақтары сақталғандықтан, Ғаза бойынша тұрақты келісімнің өзі мәселені толық шешпейді.
Әзірге Израиль тарапы да, палестиналық қарулы топтар да түбегейлі ымыраға келуге әзір екенін көрсеткен жоқ.
Егер тараптар мен палестиналық фракциялар өзара ортақ келісімге келмесе, аймақта әскери қимылдардың жаңа кезеңі басталуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, үш жылға созылған қақтығыс Таяу Шығыстағы күштер арақатынасын және Израильдің сыртқы байланыстарын түбегейлі өзгертті. Сондықтан бұл дағдарысты шешу үшін бұрынғы ескі формулалардан бас тартып, жаңа саяси шындықты ескеретін тәсілдер қажет.
Авторы: Леонид Цуканов


















