Бангладеш Сыртқы істер министрі Хасан Махмуд Иран Сыртқы істер министрі Амир Абдуллаһианмен Гамбия астанасы Банжул қаласында өткен саммит аясында кездесті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Хасан Махмуд пен Хоссейн Амир Абдуллаһиан Банжул қаласындағы Ислам ынтымақтастық ұйымының 15-ші саммиті аясында кездесіп, Тегеран мен Дакка арасындағы қарым-қатынасты дамыту, сондай-ақ ортақ мүдделерді, соның ішінде саммиттің күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кездесуде Хоссейн Амир Абдуллаһиан Бангладеш үкіметі мен халқының Палестинаны қолдаудағы ұстанымдарын жоғары бағалап, Палестина мәселесін қолдау және Палестинадағы қылмыстармен күресуде ислам елдерінің өзара әрекеттесу маңыздылығын қуаттады. Иран СІМ басшысы сионистік режимнің қылмыстарына қарсы тұру мұсылман халықтары мен бүкіл әлем халқының ортақ тілегі екенін атап өтті.
Бангладеш Сыртқы істер министрі ирандық әріптесімен кездесу мүмкіндігі туғанына ризашылығын білдіріп, Иран Ислам Республикасының Палестина халқын қолдаудағы берік ұстанымын «құнды да таңданарлық» деп сипаттады.
Хасан Махмуд Газадағы Израиль режимінің қылмыстарын тоқтату үшін ислам елдерінің жедел әрі шешуші әрекеттерінің қажеттілігін атап өтті.


















