Иран Ислам Республикасының СІМ ақпарат хатшысы Насер Канани Судандағы күнәсіз халықтың қырғынын айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Насер Канани «Вад әл-Нура» ауылына жасалған шабуылда жүздеген бейкүнә адамның, соның ішінде әйелдер мен балалардың өлтірілуі мен жаралануын жан түршігерлік және үрей туғызатын оқиға деп сипаттап, Иран Ислам Республикасының Судандағы азаматтық соғыстың жалғасуына және бұл елдің әртүрлі қақтығыс аймақтарындағы жазықсыз азаматтардың қиын жағдайына алаңдаушылық білдіретінін айтты.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насер Канани Судандағы жалғасып жатқан қақтығыстарда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, бұл елге тыныштық пен қалыпты өмір сүру жағдайын тез арада қайтаруды және Судандағы жазықсыз адамдарды өлтіру мен қырып-жоюды дереу тоқтатуды талап етіп, халықаралық қауымдастықтың, әсіресе, адам құқықтары институттарының, Судандағы ағымдағы жағдайды тоқтату үшін тиімді шара қабылдау жауапкершілігін атап өтті.
2023 жылдың сәуір айының ортасынан бері Судан армиясы елдің басқарушы кеңесінің басшысы Абдул Фаттах әл-Барханның қолбасшылығымен Мұхаммед Хамдан Дағло Хамидати басқаратын жедел әрекет ету күштерімен қақтығысып жатыр.
Жедел әрекет ету күштері 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Әл-Жазира провинциясының бірнеше қаласын, соның ішінде «Вад Мадани» қаласын бақылауға алды.
Биылғы жылдың маусым айының басында Әл-Жазира провинциясындағы «Вад әл-Нура» ауылына жылдам әрекет ету әскери жасақтары жасаған екі шабуылы салдарынан кемінде 100 адам қаза тауып, осы ауылда жаппай қырғын орын алды. Жедел әрекет ету күштері ауыл халқына қарсы ауыр артиллериялық оқпен ауыр шабуыл жасап, жүз адамды өлтіріп, жалғасында ауылды толығымен тонап кетті.
БҰҰ деректеріне сәйкес, осы уақытқа дейін қақтығыстар салдарынан 15 мыңға жуық адам қаза тауып, 8 миллионнан астам адам босқынға айналды.













