Армения Түркиямен қарым-қатынасты толығымен реттеуге, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға және шекараны ашуға дайын.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Таллинде эстондық әріптесі Маркус Цахкнамен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Армения СІМ басшысы Арарат Мирзоян Ереван мен Анкара арасында қарым-қатынасты біртіндеп реттеу жөнінде уағдаластықтар бар екенін атап өтті.
18 маусым күні Армения Премьер-министрі Никол Пашинян мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған телефон арқылы сұхбатта екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру қажеттігін қуаттады. Қос елдің басшылары Ереван мен Анкара шенеуніктерінің кездесулерін жалғастырудың маңыздылығына да ынта танытты.
Ердоғанның айтуынша, бүгінде Кавказда «жаңа тәртіп» орнатылуда. Түркия Президенті шындықпен ешқандай байланысы жоқ оқиғаларға қарағанда, уақыт шындығына сүйене отырып, әрекет ету қажеттігін айтты.
Қазіргі таңда Түркия мен Армения арасында дипломатиялық байланыс жоқ. Анкара 1993 жылы Ереванның Әзірбайжанға қарсы агрессиясы мен Таулы Қарабақты басып алуына байланысты көрші елмен құрлық пен әуе шекараларын жауып тастады.
Арнайы өкілдердің қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үдерісі бойынша алғашқы кездесуі 2022 жылдың қаңтар айында өтті.
















