Беларусь Республикасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына ресми түрде мүше болды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Астанадағы бүгін, шілденің 4 күнгі ШЫҰ-ның саммитінде Беларусь Республикасы ұйымға толыққанды мүше ретінде қабылданды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мүше елдердің мемлекет басшыларына Беларусь Республикасының ШЫҰ-ға толыққанды мүшелігі туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымды одан әрі кеңейту үшін маңызды шешім қабылданғанын жариялап, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконы құттықтап: «Сіздің ел ШЫҰ-на толыққанды мүшелікке өту жолында барлық қажетті рәсімдерді қысқа мерзімде аяқтады», – деді.
Айта кетейік, ШЫҰ-ның оныншы мүшесі болған Беларусьтің ШЫҰ-ға кіру үдерісі 2022 жылы Самарқандта өткен саммитте басталған болатын.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы — 2001 жылы 15 маусымда Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары тарапынан құрылған халықаралық ұйым.
Қазіргі уақытта Беларусьтен басқа ұйымға Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен Иран мүше.
Астанада бүгін басталып, ертеңге дейін жалғасатын ШЫҰ-ның «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұранымен өтіп жатқан саммитіне Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзірбайжан, Катар, БАӘ, Тәжікстан, Түркия мен Түркіменстан елдерінің мемлекет басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысуда.
















