Сайлаудың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша Масуд Пезешкиан Иранның жаңа президенті болып сайланды.
Бұл туралы Иран Ислам Республикасының Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Кеше, 5 шілде күнгі президенттік сайлаудың екінші кезеңінде 30,5 миллион дауыстың ішінен Пезешкиан 16 миллион 384 403 дауыс жинап, жеңіске жетті. Қарсыласы Саид Джалили 13 миллион 538 179 дауыс жинады.
Масуд Пезешкиан — Иран Парламентіндегі Табриз, Оску және Азаршахр сайлау округтерінің атынан қатысқан реформатор саясаткер.
Ол 2016-2020 ж.ж. Парламент төрағасының бірінші орынбасары, 2001-2005 ж.ж. Президент Мохаммед Хатами кезінде Денсаулық сақтау министрі болды.
Еске сала кетейік, Иранда кезектен тыс президенттік сайлаудың бірінші кезеңінде Масуд Пезешкиан 10 415 991 дауыс жинап, бірінші орынға шықса, екінші орында Саид Джалили 9 473 298 дауыс жинады. Иранның сайлау заңнамасына сәйкес, сайлаудың екінші кезеңіне Масуд Пезешкиан мен Саид Джалили қатысты.
Иранда президенттік сайлаудың екінші кезеңі кеше, 5 шілде күні өтті.



















