Түркия Сыртқы Істер министрлігі мәлімдеме жариялап, Хамас саяси бюросының басшысы Исмаил Ханиенің Теһрандағы лаңкестік әрекетте өлтірілуін айыптады.
Еуразия Тудейдің Түркия СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша мәлімдемеде былай деп жазылған: «Біз Хамас саяси бюросының басшысы Исмаил Ханиенің Теһрандағы жан түршігерлік лаңкестік әрекетте өлтірілуін айыптаймыз.
Хания сияқты жүздеген мыңы өз мемлекетінің шаңырағы астында, туған жерінде бейбіт өмір сүру үшін қаза тапқан Палестина халқына көңіл айтамыз.
Нетаньяху үкіметінің бейбітшілікке қол жеткізу ниетінің жоқтығы тағы көрінді.
Шабуыл сонымен қатар Газадағы соғысты аймақтық деңгейде таратуды көздейді. Егер халықаралық қауымдастық Израильді тоқтату үшін әрекет етпесе, біздің аймақ бұдан да үлкен қақтығыстарға тап болады.
Түркия Палестина халқының әділ ісіне қолдау көрсетуді жалғастырады».
Айта кетейік, Хамас саяси кеңсесінің жетекшісі Исмаил Ханияның өлімін Түркиядан басқа Иран, Ресей және Қытай, Сирия, Оман, Пакистан, Мысыр және Ирак айыптады. Иран Ханияның шәйіт болуына байланысты елінде үш күн аза рәсімін жариялады.
Ислам революциясы Сақшылар корпусының жалпы қоғаммен байланыс бөлімі бүгін таңертең мәлімдеме жасап, Хамас саяси кеңсесінің жетекшісі Исмаил Хания мен оның бір оққағары Теһрандағы резиденцияда әуеден атылған оқ салдарынан қайтыс болғанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Палестина қарсыласу қозғалысы Хамастың саяси бюросының саяси жетекшісі Исмаил Ханияны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең таңертеңгі сағат 8-де Иран астанасындағы Тегеран университетінен басталып, осы қаланың орталығындағы Азади алаңына қарай жалғасады.
Еске салайық, Хания 2017 жылдан бері Хамас саяси кеңсесінің жетекшісі қызметін атқарды. Ол соңғы жылдары Қатарда тұрды.













