Казем Джалали Ресей Президенті Владимир Путиннің Иран Президенті Масуд Пезешкианға БРИКС саммитіне қатысу үшін ресми шақыру жібергенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Республикасының Ресейдегі елшісі Казем Джалали IRNA агенттігіне берген сұхбатында Владимир Путиннің ирандық әріптесі Масуд Пезешкианды БРИКС саммитіне қатысуға шақырғанын, Пезешкианның шақыруды қабылдағанын хабарлады.
Казем Джалали аталмыш саммит аясында екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы жан-жақты келісімге қол қою мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.
Казем Джалали Иранның БРИКС-ке мүшелігін дипломатиялық аппарат жетістіктерінің бірі деп атады.
Иранның Ресейдегі елшісі Қазан қаласында БРИКС-ке мүше елдер басшыларының бас қосуы екіжақты кездесулер өткізу үшін жақсы мүмкіндік екенін баса айтты.
Айта кетейік, биыл 22-24 қазанда Татарстан астанасы Қазан қаласында БРИКС саммиті өтеді.
2024 жылдың қаңтар айында Иран Ислам Республикасы, Мысыр, Эфиопия, Сауд Арабиясы және БАӘ БРИКС-ке ресми түрде қосылды.



















