Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси мен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Палестинадағы жағдай туралы пікір алмасып, Израильдің агрессиясын тоқтату қажеттігін қуаттады.
Еуразия Тудейдің Asharq агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Сауд Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисимен телефон арқылы сөйлесіп, Израильдің Палестина халқына қарсы агрессиясын тоқтату үшін барлық араб және ислам елдерінің бірлескен күш-жігерінің қажеттілігін айтты.
Мысыр президентінің кеңсесі осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, Мұхаммед бен Салман мен ас-Сисидің Газа секторындағы атысты тоқтатуға қол жеткізу және Батыс жағалауда қақтығыстың кеңеюіне жол бермеу қажеттігі жөнінде пікір алмасқанын айтты. Сондай-ақ мәлімдемеде: «Мысыр Президенті мен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері екі бауырлас ел арасындағы берік және тарихи қарым-қатынасқа сілтеме жасап, араб елдерінің аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікке әсер ететін сын-қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимылын нығайту жолдарын талқылады»,-деп жазылған.
Saudi Press агенттігінің мәліметінше, Мұхаммед бен Салман ас-Сисимен сөйлескенге дейін Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға қоңырау шалып, Израильдің қатыгез агрессиясымен күресуде Палестина халқына көмектесу үшін араб және ислам елдерін біріктірудегі Эр-Риядтың күш-жігерін растады. Мәлімдемеге сәйкес, Ердоған мен Бен Салман Палестинадағы соңғы оқиғаларды, сондай-ақ, аймақ пен әлемдегі жағдайды талқылады.
Түркия Президенті телефон арқылы сұхбатта Палестина территориясындағы, әсіресе Газа cекторындағы Израиль шабуылдарын мүмкіндігінше тезірек тоқтату керектігін баса айтты.



















