Араб үйлестіру тобы қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстанда $7 млрд-қа жобаларды қаржыландыруды қарастыруда.
Астанада Ислам даму банкі, Сауд Арабиясының даму қоры, ОПЕК халықаралық даму қоры, Кувейт экономикалық даму қоры және Абу-Даби даму қоры сынды институттарды біріктіретін Араб үйлестіру тобының (АҮТ) отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ислам даму банкі тобының президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер, Араб инвестициялық қорлары мен еліміздің мемлекеттік органдары әрі квазимемлекеттік компаниялардың басшылары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты Араб үйлестіру тобының Қазақстан үшін басымдыққа ие инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруы болды.
Дөңгелек үстел барысында көлік, энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау салаларындағы жобалар таныстырылды, сондай-ақ Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспары ұсынылды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді тікелей инвестициялардың сомасы бастапқы кезеңде $7 млрд құрауы мүмкін. Болашақта қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарлануда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дөңгелек үстел отырысының хаттамасына, ОПЕК қорымен жеке сектордағы операциялар туралы негіздемелік келісімге және Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ислам даму банкі арасындағы келіссөздер хаттамасына қол қойды.
















