Мыңдаған наразы Пәкістан астанасы Исламабад маңында Имран Ханды қолдап, оны босатуды талап етіп, шеруге шықты.
Еуразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, «Әділет қозғалысы» оппозициялық партиясы 2023 жылдың мамыр айынан бері алғаш рет кеше, жексенбі күні Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Ханды қолдап үлкен шеру өткізді. Пәкістанның оппозициялық «Әділет қозғалысы» партиясының мүшелері мен жақтастары қолдарына өздерінің туын ұстап: «Имран Хан aман болсын!», «Имран Хан босатылсын!», «Жалған сайлауға жол берілмейді!» деп ұрандатты. Исламабад полициясы өкілінің айтуы бойынша, шеру кезінде наразылар полиция бөлімшелеріне тас және басқа да заттар лақтырып, бірнеше офицерді, соның ішінде жоғары лауазымды басшыны жарақаттаған.
Sama ақпарат агенттігі жарияланған суреттер мен бейнежазбалардан Имран Ханның жақтастары арнайы күштердің қызметкерлеріне тас лақтырып жатқанын көруге болады. Ал полиция шеруге шыққандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.
Партия жетекшілерінің бірі Әли Мохаммад Хан шеруге қатысушыларға арнаған сөзінде: «Біз Имран Ханды босатудағы мақсатымызға жақын арада жетеміз. Имран Ханды дереу босату туралы өтініш партияның басты талабы болып табылады», — деді.
Пәкістанның «Әділет қозғалысы» партиясы 2024 жылдың 8 ақпан күні өткен елдегі Парламент сайлауының бұрмаланғанын айтуда. Алайда Пәкістанның Орталық cайлау комиссиясы партияның бұл мәлімдемесін жоққа шығарды. Пәкістанның жемқорлықпен күрес соты өткен жылы осы елдің бұрынғы Премьер-министрі Имран Ханды тұтқындады. Имран Ханға коррупция және лаңкестік баптары бойынша айып тағылды. Алайда Имран Хан мұның бәрін жоққа шығарып, өзінің Парламент сайлауына қатысу жоспарын жариялағаннан кейін қудаланғанын мәлімдеді. Имран Хан қамалғаннан кейін оның мыңдаған жақтасы жаппай шеруге шығуда.



















