Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнды қабылдауда Alatau City жобасын жүзеге асыру перспективасын талқылады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вонг Хэн Файн шетелдің инвестициясын, технологиясын және білім әлеуетін тарта отырып, Алатау қаласын тиімді дамыту жөнінде егжей-тегжейлі пікір алмасты.
Президент сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданғанын айтты.
Мемлекет басшысы осы тектес жобаларды жүзеге асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін айтты. Сондықтан оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Алатау — Алматыдан 60 километр жерде орналасқан Іле ауданындағы облыстық маңызға ие қала. 2024 жылғы 9 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Алатау қаласы болып өзгертілді.
















