Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев бүгін, 17 қыркүйекте өтетін «Орталық Азия + Германия» саммитіне қатысу үшін Астанаға келеді.
Еуразия Тудейдің Өзбекстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Шавкат Мирзиеев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астана қаласына жұмыс сапарымен келіп, «Орталық Азия + Германия» саммитіне қатысады.
Саммитте Орталық Азия елдерінің Германиямен көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту және тереңдету мәселелері талқыланады.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «Саммитте сауда-экономикалық, инвестиция, технология, көлік-коммуникация және басқа да басым салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге басты назар аударылады. Сондай-ақ, Германияның жетекші компаниялары мен банктерінің басшыларымен бірлескен кездесу өткізу жоспарланған», — деп жазылған.
Еске сала кетейік, кеше, қыркүйек айының 16 күні Германия Федералды канцлері Олаф Шольц Қазақстанға ресми сапармен келді. Оған дейін Шольц Өзбекстанда болып, Шавкат Мирзиеевпен келіссөз жүргізіп, екіжақты 8 құжатқа қол қойды. «Орталық Азия + Германия» форматындағы саммитке қатысу үшін бүгін Қазақстанға Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров келеді.
«Орталық Азия + Германия» форматындағы алғашқы саммит 2023 жылдың 29 қыркүйегінде Берлин қаласында өтті.


















