Иран Президенті Масуд Пезешкиан мұсылман әлемінің айтарлықтай бөлігіне экстремизм мен ислам қоғамының бөлінуінен өздерінің өмір сүруінің мәнін көретін топтардың көбею қаупі төніп тұрғанын айтты.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Президенті Масуд Пезешкиан бұл туралы түркімен классигі Махтумкули Фрағының туғанына 300 жыл толуына арналған «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумда сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Пезешкиан: «Махтумкули сияқты ұлы тұлғалар ислам қоғамының жақындасуы мен бірлігі туралы айтқанда бөліну салдарынан туындайтын қараңғылық пен қасіреттерді жақсы түсінеді», -деді.
Иран Президенті «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» деген өлең жолдары қазіргі қоғамдағы алауыздықты болдырмаудың және бірлікке жетудің ең жақсы және тиімді жолы екенін айтып: «Келісім тек исламдық қоғамға қатысты емес. Бұл жерде бейбітшілік және қазіргі халықаралық қауымдастықтың қажеттілігі болып табылатын келісім дискурсын құру туралы сөз болуда. Алайда, осы жолдағы біржақтылық әлі де болса әлемдік қауымдастықтың бейбіт қатар өмір сүруін бұзады»,- деп баса айтты.
Иран Президенті Палестина мәселесі мен палестиналықтардың құқықтарын елемеуді біржақтылықтың мысалы деп атап: «Газа секторындағы дағдарыстың тереңдігін, осы теңсіз соғыс пен Ливанға жасалған қатыгездік шабуылдардың жалғасуын сипаттау мүмкін емес», -деді.
















