Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазанда өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөйлеген сөзінде Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды қуаттайтынын мәлімдеді.
Президент: «Біздің ойымызша, қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, БРИКС жаһандық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалардың үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алады.
Президент сөзін қорытындылай келе, «БРИКС плюс» форматындағы бірлескен әрекеттер Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланысты едәуір нығайтып, мемлекеттер дамуындағы алшақтықты жоюға, халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай күшейтуге және жаһандық прогресс үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.












