Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС саммитінен күтілетін басты үміттердің бірі – қатысушы елдер арасындағы бірыңғай валютадағы есеп айырысуға көшу және SWIFT орнына жаңа BRICS Bridge төлем жүйесін қабылдау.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай болжамды Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің оқытушысы, саясаттанушы Фархад Ибрагимов IRNA агенттігіне айтты.
Фархад Ибрагимов: «БРИКС бүгінде экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдердің халықаралық бірлестігі болып табылады. Альянс 2006 жылы құрылған кезде Батыста көптеген адамдар бұл жобаның өміршеңдігіне күмән келтірді. Алайда, уақыт өте келе БРИКС экономикалық, саяси және жаһандық мәселелерді талқылау үшін мемлекетаралық өзара іс-қимылдың маңызды форматтарының біріне айналды. Ал, соңғы бірнеше жылда біз ұйымның айтарлықтай кеңеюін байқадық.
БРИКС-тің қазіргі жағдайы туралы айтатын болсақ, ұйым елдері әлем халқының шамамен 50 пайызын қамтитынын атап өткен жөн. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша БРИКС елдерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 37,4 пайызға тең болса, «Үлкен жетілік» елдерінің үлесі — 29,2 пайыз. Экономикалық өсудің орташа қарқынында да артықшылық бар: 2024–2025 жылдар қорытындысы бойынша БРИКС елдерінде бұл жылына 4,4 пайыз болса, «Үлкен жетілік» елдері үшін 1,7 пайызды құрайды деп болжануда.
Соңғы жылдары БРИКС елдері аймақтық және халықаралық деңгейде белсенді түрде алға жылжуда. Ресейдің, Қытайдың және Үндістанның экономикалық өсімі блоктың әсерін күшейтудің негізгі драйвері болып табылады. БРИКС-тің кейбір елдеріндегі ішкі экономикалық жағдайдың біркелкі еместігіне қарамастан, альянс жалпы өсудің жоғары қарқынын көрсетуде.
Клубтың жетекші мүшелері — Ресей, Қытай, Бразилия және Иран санкциялар сияқты бірқатар экономикалық қиындықтарға тап болып отыр. Бірақ бұл альянс елдерін жаңа экономикалық тетіктерді дамытуға және мемлекетаралық қатынастарды нығайтуға ынталандырады.
БРИКС елдері Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банк сияқты Батыс елдері мен институттарының үстемдігіне балама ұсына отырып, жаһандық саясат пен экономикаға ықпалын арттыруда.
2023 жылы қатысушы елдер үшін инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ететін жаңа Даму Банкі сияқты балама халықаралық қаржы институттарын құру бастамалары талқыланды.
Осылайша, БРИКС әлемдік көпшілікке тиімді болатын көпполярлы тәртіпті қалыптастыруға белсенді түрде тырысуда. Бұл әсіресе, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік, сондай-ақ Ресейдің санкциялық қысым жағдайында Батыс институттарына тәуелділіктен құтылу әрекеттері аясында көрінеді. Топ дамушы елдер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын құруға және оңтүстік-оңтүстік ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Бүгінгі таңда БРИКС елдерінің тобында экономикалық кооперацияның айтарлықтай деңгейі бар.
БРИКС болашақта ынтымақтастықты тереңдетуде энергетика, инфрақұрылым және цифрлық экономика сияқты салалардағы күш-жігерін жалғастыратын болса неғұрлым қуатты экономикалық платформаға айналуы мүмкін. Жаңартылатын энергия көздері мен жоғары технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды әзірлеу қатысушы елдердің экономикалық өсуінің маңызды факторына айналуы мүмкін.
Соңғы жылдардағы маңызды тақырыптардың бірі – БРИКС елдері арасындағы халықаралық саудада доллардың баламасын талқылау. Бірыңғай валютаны енгізу немесе блок елдері арасындағы төлемдерде ұлттық валюталардың рөлін күшейту долларға тәуелділікті әлсіретіп, АҚШ-тың жаһандық экономикаға ықпалын төмендетуі мүмкін.
БРИКС дамушы елдердің әділетті өкілдігін қамтамасыз ету үшін БҰҰ және Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық институттарды реформалауға ықпал етуді жалғастыруда. Бұл үрдіс болашақта, әсіресе, Ресей, Қытай және Үндістанның жаһандық саясаттағы ықпалының артып келе жатқанын ескерсек, артуы ықтимал.
Технологиялар мен инновациялар саласындағы ынтымақтастық та БРИКС дамуының маңызды бағытына айналуы мүмкін. Қытай қазірдің өзінде технология саласында көшбасшы болып табылады және блоктың басқа елдерімен серіктестікті белсенді түрде дамытуда. Болашақта жасанды интеллект және ғарышты зерттеу сияқты салаларда бірлестік елдері арасындағы бірлескен жобалардың көбейетінін күтуге болады.
БРИКС болашақта бітімгершілік пен дипломатиялық бастамаларда белсендірек рөл атқаруы мүмкін. Мысалы, Үндістан мен Қытай қақтығыстарға қарамастан, Азия мен Африкадағы дағдарыстарды шешудегі рөлдерін күшейте алады. Оңтүстік Африка Африка континентінде, ал Бразилия Латын Америкасында өз позицияларын нығайтуға ұмтылуын жалғастыруда. Батыстың кедергісіне қарамастан Ресей де геосаясаттағы позициясын айтарлықтай нығайтып отыр.
Қазан қаласында өтіп жатқан саммиттің болжамдарына келетін болсақ, бірнеше маңызды мәселеге тоқталған жөн. БРИКС саммитінен күтілетін басты мәселелердің бірі – қатысушы елдер арасындағы есеп айырысуды бірыңғай валютада жүргізуге көшу. Бұл бастаманың басты мақсаты – БРИКС елдерінің доллар мен еуроға тәуелділігін азайту.
Санкциялық қысым жағдайында бірыңғай валюта төлем операциялары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, сыртқы шектеулерсіз сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ете алады. Болашақта мұндай валюта басқа елдер үшін негізгі төлем құралы мен резервтік валюта бола алады.
Қарастырылып жатқан есеп айырысу құралы нұсқаларының бірі — бірыңғай криптовалюта. БРИКС-тің жеке төлем жүйесі 2025 жылға қарай іске қосылады деп күтілуде. Бұл кезеңде жалпы валютаның толық енгізілуі әлі болжанбаса да, елдер ұлттық валюталармен өзара есеп айырысуға көшеді.
Ресей қазірдің өзінде БРИКС аясында SWIFT жүйесіне балама болатын BRICS Bridge жаңа төлем жүйесін құруды ұсынғаны белгілі. Ол АҚШ долларымен төлемдерді пайдалануды қысқартуға ұмтылатын 150-ден астам елде қолжетімді болады деп жоспарлануда. Бұл әлемдік экономика жүйесіндегі Батыс монополиясының біртіндеп жойылуына ықпал ететін балама халықаралық қаржы құралын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадамды білдіреді.
Сондай-ақ, БРИКС өзінің күн тәртібін кеңейтуде. Елдер білім, ғылым және технология саласындағы бірлескен бастамалар үшін бірігуде. 2015 жылы қол қойылған ғылым, технология және инновация саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты ауыл шаруашылығы, табиғи апаттардың салдарын азайту, ғарыш, астрономия, медицина, биотехнология, ғылыми саябақтар мен инкубаторлар құру, технологиялар трансферті сияқты салаларды қамтиды.
Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін мамандар алмасу бағдарламалары, семинарлар, симпозиумдар, конференцияларды ұйымдастыру, сондай-ақ оларды бірлесіп қаржыландыру, ұлттық ғылыми және зерттеу институттарының қолдауымен бірлескен жобаларды іске қосу белсенді түрде қолданылуда.
Бұл ретте үлкен саясаттың аспектілерін айналып өту мүмкін емес. Саммитте тұрақты дамуды, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Батыс Азиядағы ахуал, Газа секторындағы гуманитарлық апат сияқты мәселелер қаралатын болады»,- деді.



















